Әдеби-сазды кеш
1 - жүргізуші:
Тумайды жұртын ақын жылатуға,
Туады жүректерді нұрлантуға,
Өлеңін орамал ғып өтеді олар
Көз жасын адамзаттың құрғатуға.
Айнымас ол — әділдік баласы да,
Қыңбайды күншілдердің табасына
Жүрегін көпір етіп төсейді ақын:
“Жетсін, — деп, — жұртым бақыт жағасына!”
Шығандап шың басына шығады өнер.
Шын ақын екі туып, бір-ақ өлер.
Алдында әр заманның, әр ұрпақтың
Құламай тіккен туы тұра берер.
2 - жүргізуші: Қош келіпсіздер, өлең сүйер, өнер сүйер қауым! “Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысы”,-дейді көркем ойдың кемеңгері Абай. Жан — дүние құбылысы… іші алтын, сырты күміс өлең сөз тіршілігі… Ақындық қасиет, ақындық парасат алаңсыз, албырт, алқынбай, аптықпай, өз тірлігін, өз тынысын жалғай береді екен-ау. Өлең — ақыл суаты мен сезім қуатының тоғысқан жері…
1-жүргізуші: Бүгін біздер, өткен ғасырдың сонау қырқыншы жылдары Ертіс жағалауынан арман-қиялы ақ қарды Алатау жаққа шарқ ұрған, ал бүгінде Алатаудан да асқақ Мұзарт шыңдарға қарай қанаты талмастан биіктен-биікке самғаумен келе жатқан мұздыбалақ атақыран ақынымыз Мұзафар Әлімбай әлемі хақында ой бөлісеміз. Халқымыздың елеулі ұлы тұлғаларының бірі, ел-жұртымыз сырттай балалар әдебиетінің классигі атандырған қазақтың аса көрнекті ақыны Мұзафар Әлімбаев жайында ой қозғаймыз
2 - жүргізуші: 1923 жылы 29-қазанда Павлодар облысы Шарбақты ауданындағы Маралды атырабының Қызылағаш ауылында дүниеге келген. …Сегіз жасында әкеден, он үш жасында шешеден айырылды. Әке қайымына кенеле алмады, ана мейіріміне қанбай қалды. Әке мен шеше жақсылықтары жайында өзіндей аз жазған жазушы жоқтай көрінетін. Жетімдік -қиын тағдыр. Бірақ, Мұзафар қанша қиындық көрсе де мойымаған. Тағдыр тәлкегіне төзу үшін тек өзіңнің халіңді ғана емес, өзгелер жайын да ойлай білу керек екенін түсінді.
1 - жүргізуші: Жалаң аяқ, жалаң бас балалық шақ! Балғын жылдар! Сағынып жаям құшақ. Ақ шыбықты ат қылып шапқылаған Анау бала кетті ғой маған ұқсап…
Аға тұтып, еркелеп, жанайсың да,
Ақ шашымды сипайсың, аяйсың ба?!
«Осы қалай төзген,-деп,-талай сынға!,
Қырық беске қызғана қарайсың ба?!
Кел, «Волгаға» міне ғой… асығалық!
Мойнына апамның кеп асылалық.
(Видео. Алтын қор. Мұзафар Әлімбаев )
Ән: «Ақмаңдайлым»
2 - жүргізуші: Ауыл мектебінен соң педагогикалық училище қабырғасында мұғалімдік мұратын жани бастағанда соғыс өрті лап етті. Он сегіздегі өрім жас өз қалауымен сұранып майданға аттанды.
Жеңіл ойды ауырлатты қатал күн.
Жас болса да, тебіренбей жатар кім?
Жас иыққа бар тағдыры Отанның
Түсті келіп, мен де солдат атандым.
…Туған еді бізді анамыз балғын қып,
Жорықтарда өкшемізді алдырдық.
Төзбегенде шар болат, біз шыдадық
Өзіміздің күшті сонда сынадық! («Менің жастық жылдарым» өлеңінен )
1 - жүргізуші: Сегіз жылға жуық уақыт әскер сапынан босай алмады. Әдеби талабының, ақындық талантының арқасында ғана Қазақстан өкіметінің шақыртуымен 1948 жылы елге оралады. Шығармашылық толғану, толассыз іздену арқасында соғыстан кейінгі жылдары Мұзафар жас ақындарымыздың алдыңғы буынына келіп қосылады. Нақтылық, ойлылық, жинақылық — Мұзафар өлеңдерінің ең басты қасиеттерінің бірі. М.Әлімбайдың тұңғыш өлеңі «Ана»1939 жылы облыстық “Қызыл ту” газетінде басылған.
2 - жүргізуші: Мұзафар Әлімбаев- ақын. Ақын болғанда да, айтулы ақын. Сөзі ән боп тараған ақын.. Ән сөзін жазушы ақын тұрғысында Мұзафар Әлімбаевтың есімін асқақтатқан өлеңдер – «Ақмаңдайлым», «Ақсұңқарым», «Маралдым» әндері болды. Бұл үш ән сөзі Шәмші Қалдаяқов пен Әсет Бейсеуовтердей халқымыздың аса дарынды сазгерлерінің жүрек түкпірінен төгілген керемет әуендерімен жымдаса өрілген. Құлаққа жағымды, көңілге қонымды, адам айтуға ықыласты, кісі тыңдауға пейіл мұндай әндер саны 350 екен. Бір Мұзафар Әлімбаевтың өлеңіне жазылған әндердің өзі ғана апталап шырқауға, әлденеше ән кешіне жетерлік.
1 - жүргізуші: Қазіргі қазақ балалар әдебиетінің көрнекті қайраткері Мұзафар Әлімбаев - сегіз қырлы, бір сырлы қаламгер. Алпыс жылдан астам уақыт әдебиет майданында жемісті еңбек етіп келе жатқан ол – айтулы ақын, парасатты публицист, майталман аудармашы, әдебиет зерттеушісі, сыншы, ән - өлеңші, педагог жазушы, балалар әдебиетінің ұясын ұйымдастырушылардың бірі. Бүгінде әдебиеттің әр түрлі жанрындағы (поэзия, әдеби зерттеу, фолклортану, халық тағылымы, эссе, очерк, естелік, ән өлеңдері) 50 төл туындының авторы. Абай атындағы мемлекеттік сыйлығын 1984 жылы «Аспандағы әпке» атты балалар жинағы үшін алды.
2 – жүргізуші: Алғашқы кітабы “Қарағанды жырлары” деген атпен 1952 жылы жарық көрді. Одан кейінгі лирикалық және азаматтық әуенге жазылған «Құрбыма” (1954), “Лирика”, “Жолдар жырлар”, “Жүрек лүпілі”, “Өшпес от” жинақтары шықты. “Менің Қазақстаным”, “Құрбымның күнделігі”, “Естай — Қорлан” лиро-эпикалық поэмалары – осы жанрды дамытуға қосылған елеулі туынды. Мұзафар Әлімбай поэтикасының үш тағанды тірегі іспетті «Естай-Хорлан» ғашықнамасы, «Ту тіккен» және «Құрыш қазақ» ерлік – қаһармандық дастандары дүниеге келген тұсында қазақ поэзиясының ортақ жаңалық-жеңісі болды. Ақиық ақын Мұқағали: “Мұзафар — ойдың ақыны. Шығыршықтың ішін шыр айналған тұтқындағы ақ тиін іспеттес ойнақы сөздің емес, сезгені, түйгені мол ойдың ақыны. …Ізденгіш те тапқыш, көп оқитын, көп түйіп, көп ойланатын бейнетқор да еңбекқор ақын Мұзафар Әлімбай…”деп сүйсінеді
1 - жүргізуші: Кейде шыным, бала болғым келеді,
Бала болғым келеді. Бала болып қала бергім келеді,
Қала бергім келеді.
Қаламгердің өлеңдерін жаттап өспеген қазақ баласы, сірә, сирек болар. Мұзафар Әлімбай — азамат ақын ғана емес, әрі ұстаз ақын. Әлімбай поэзиясының өзгеше бай, шұрайлы саласы — балалар әдебиетінің меншігінде. Қазақ балалар әдебиетінде Мұзафар Әлімбайдың шоқтығы биік тұрады. Әсіресе, балалар поэзиясында көлемі, тақырыбы және жанрдың байтақ байлығы жөнінен Мұзафар атаның алдына түсер ешкім жоқ.
Ақынның өлеңдерін оқуға ортаға оқушыларды шақырамыз.
2 - жүргізуші: Мұзафар Әлімбай — сан қырлы талант. Ол көркем шығарма жазумен ғана шектелмей, зерттеу, ізденіс жұмыстарымен де беріле айналысады. М.Әлімбайдың зерттеушілік еңбектері де әр алуан болып келеді. Нақыл сөздерді, мақал мен мәтелдерді жан-жақты талдау, өзгелерге өнеге ету, туысқан немесе шет жұрттағы халықтардың нәрлі сөз оралымдарын қазақша сөйлету — осының бәрі Мұзағамыздың ұзақ жылдардағы тынымсыз тер төге білгенінің куәсі болып табылады.
1 - жүргізуші: Мұзафар Әлімбай 85 шақты ақынның туындысын қазақ тіліне аударған екен. Олардың ішінде Пушкин, Петефи, Лермонтов, Сағди, Фирдоуси, Райнис, Руставели, Тоқтоғұл, Зелили, Маяковский, Мицкевич, Орбелиани тағы басқалар бар. Егер әр халықта бір-бір классик ақын десек, сөйтіп мақал-мәтелдерін аударып жүрген жетпіс жұртты қоссақ, онда қазақ оқырмандарына таныстырған ақындар саны 150-ге жетеді екен. Аударманы әрі өнер, әрі ғылым санайтын қаламгердің “666 нақылдан” бастап “Маржан сөзге” дейінгі аудармалық еңбектер шоғырының өзі — бөлек тараулы әңгіме.
2 - жүргізуші: Ақындығына зерттеушілігі, бұған аудармашылығы эссе, очерк жазушылығы, балалар жанын зерек түсінушілігі, парасаттылығы ұштасып тоғысқан тарлан талантқа мерейтой үстінде одан әрі құлашын кеңге жазып, ойдың кенін қазып, сөз миуасын теріп, елі-жұртын поэзияның кәусар бұлағымен сусындата берсін демекпіз.
1 - жүргізуші: Өйткені, Мұзафар Әлімбай — тұйыққа тірер таяз ойдың емес, тұңғиыққа жетелер терең ойдың, нақыштап айта білгенін айшықтап жаза алатын кемел ойдың кемеңгері!Мұзафар Әлімбай — айлар өткен сайын ойлары көктей түсетін, жылдар озған сайын жырлары тозбайтын тарландар тобынан!
Ән “Алматы кешінде” Әні: Ш.Қалдаяқовтікі. Өлеңі: М.Әлімбаевтікі
1 – жүргізуші: Осымен қазіргі қазақ балалар әдебиетінің көрнекті қайраткері , сегіз қырлы, бір сырлы қаламгер, алпыс жылдан астам уақыт әдебиет майданында жемісті еңбек етіп келе жатқан айтулы ақын, парасатты публицист, майталман аудармашы, әдебиет зерттеушісі, сыншы, ән - өлеңші, педагог жазушы Мұзафар Әлімбаевтың шығармашылығына арналған әдеби – сазды кешіміз аяқталды.